Шығарма
«Рахмет саған, Сарбаз» өткен шаққа хат
Сәлеметсіз бе, майдандағы батыр Сарбаз, алыс, бейтаныс, бірақ бар адамзатқа жақын адам. Мен сізге хат жазып отырмын және сол кездегі соғыс көріністерін, сізді айналадағылардың барлығын анық көз алдына елестетіп тұрмын: сіз ертең қатыгез, қан төгетін шайқас болатынын, тағы да жерлеу хабары қазір сізбен жақын отырған адамның есімімен елдің түкпір-түкпіріне тарайтынын сезгендей отырсыз. Амалсыздан үй, бала-шаға туралы есіңе түсіре бастайсыз: «Олар қалай? Соғыстан кейін өмір не болады?» Көздеріңізде қорқыныш сезімі, бірақ өзің үшін емес, Отан мен халықыңыздың болашағы үшін.
Өкінішке орай, әрбір қазақстандық үшін қасиетті Жеңіске барлықтарыңыз жете алмадыңыз. Бірақ, біз сіздердің әрқайсыңызды, есімдері ескерткіштерде алтын әріптермен жазылған аталарымызды мәңгілікке есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз. Сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз. Отан үшін мерт болған ардақты Сарбаздарымызға алғысымыз шексіз. Сіздер бізге осы қасиетті Жеңіс мерекесін сыйладыңыз. Дәл осы жеңіс маған 75 жыл соғысты білмейтін елде дүниеге келуге мүмкіндік берді. Сезімнің толық көлемде тереңдігін бере алатын түсініксіз жан дауысы жаңа сөздерді іздеуге мәжбүрлейді. Соның ең бастысы - бұл қорқынышты, қиын сәттер туралы тек құжаттар, кинофильмдер мен ардагерлердің әңгімелерінен ғана білетінім үшін деген алғыс.
Соғыс ардагерлерімен алғашқы кездесу осы күнге дейін есімде. Біздің мұғаліміміз Ұлы Отан Соғысына арналған сынып сағатымызда «қымбат қонақ» болатынын айтты. "Қымбат" деген сөзін таяққа сүйеніп, сұр пиджактағы қарт адам бөлмеге кірген кезде түсіндім. Мен сол кезде бесінші сыныпта оқитын едім. Ең бастысы мені кеудесі безендірілген ордендер мен медальдар таң қалдырды. Ата соғыс кезінде қалай болғанын қол былғап айтқан сайын ордендері ақырын сылдырлады. Шынында да, оның әңгімелері біз, бейбіт уақыттағы балалар үшін өте қымбат болды. Дәл осы әңгімелер бізге соғыс пен жеңіске деген көзқарасымызды қалыптастырды. Жыл сайын мереке қарсаңында біз Ұлы Жеңістің символы – георгиев лентасын кеудемізге тағамыз. Біздің әрқайсымыз үшін ол жай ғана еске алу эстафетасы емес, ең алдымен біздің тарихымыздың ерлік беттеріне қатысты болу мүмкіндігі.
Мен мұның бәрін сізге жазып отырғаным...
Егер сіз, Сарбаз аға, жолдастарыңыздың ерлікпен қаза табуы біздің жүрегімізде мәңгі қалатынын, балаларыңыздың әдемі қалаларда бейбіт өмір сүретінін білсеңіз, қазір жеңіл әрі тыныш болар едіңіз деп сенгім келеді.
Біз, азат етуші жауынгерлердің немерелері мен шөберелеріміз, естелік тізбесін үзбеу үшін барлығын жасауға тырысамыз, өйткені біз сізден ең қымбат сыйлық – бейбіт аспан астында өмір сүру құқығына ие болдық. Біздің Отанымыз үшін өз өмірін қиған сарбаздардың ерліктерін мәңгі есте сақтау үшін уақыт та, аралық та билей алмас екенін біліңіз. Сіздің ерліктеріңізді жүрегімізде мәңгі сақтаймыз.
Орындаған: Есинбеков Жанболат, 10 сынып оқушысы, «Приозерное орта мектебі» ММ
Шығарма
Ардагер атама хат!
Мен жеңімпаздар ұрпағымен мақтанамын.
Бүгінгі Отан қорғаушылары, біздер үшін олардың
соғыс жылдарында көрсеткен жанқиярлық ерлігі
– Отанға қызмет ету ісінде мәңгілік өнеге. Н.Ә.Назарбаев.
Сәлеметсіз бе, менің ардагер атам! Ұлы Отан соғысының аяқталғанына, мінеки, 75 жыл толады! Яғни, мен 75 жыл бойы бейбіт өмір сүріп жатқан заманының түлегі, сіздердің қан мен теріңізді төгіп, жаныңызды қалқан етіп әперген бейбіт заманның бақытты ұрпағының атынан хат жазып отырмын. Сіздердің алдарыңызда тізе бүгіп, балалық ақ жүрегіммен амандықтарыңызды тілеймін. Мен және менің бауырларым, достарым әр таңда күннің нұрына шомылып, ата-анамызға еркелеп, кең, дархан қазақ елінде туып, жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз – сіздердің арқаларыңызда. Соғыс! Сұрапыл соғыс! Қасірет! Қаншама ата-ана перзентінен, қаракөздер сүйіктісінен айырылып, бүлдіршіндер жетімдіктің азабына бесіктен белі шықпай жатып-ақ түсті. 1941 жылы жер жүзін өзіне бағындырғысы келген Германия баса көктеп кіргенде, сіздер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өлім мен өмірдің арасына түстіңіздер. Қардай бораған оқ, көл болып аққан қан, нөсердей құйылған бомба мен мина, аштық пен суық ызғармен арпалысып қажытса да Отанға деген махаббат, қаза тапқан жолдастарыңызға деген кек жігерлендіре түсті. Отан үшін кеуделеріңізді оққа тосып, жауды туған жеріміздің маңына да жолатпадыңыздар. «Батыр майданда шынығады» демекші ауыр жарақат алып, отбасына деген сағыныш жаныңызды күйдірсе де бұл майданнан жеңіссіз қайтып келмедіңіздер.
Себебі сіздердің алға қойған мақсаттарыңыз – тек қана жеңіс болды. Ел қорғауға ер намысымен аттанған ардагерлер, қасықтай қандарыңыз қалғанша күресіп, Отан алдындағы борыштарыңызды ақтадыңыздар. Егер сол соғыста жеңіске жетпесек, бәлкім, қазіргі жағдайымыз басқаша болар ма еді? Тіліміздің, мәдениетіміздің, дініміздің, өркениетіміздің сақталуы да үлкен жұмбақ болар еді ғой. Сондықтан, туған жерге деген албырт сезім қолыңызға қару, бойыңызға қуат беріп, өзіміздің көрікті жерлерімізді, қонақжай халқымызды «қорға!» деген бұйрық берді. Жеңіс! Міне, төрт жыл бойы аңсаған армандарыңыз шындыққа айналды. Барлық жұрт бейбіт өмірге қадам басып, күллі әлемде Жеңіс туы желбіреді. Ал біз болашақ ұрпақ , Жеңіс туын Еркіндік туына айналдырып, азат елде еркін өмір сүрудеміз. Халқымыз жеңіс тойын тойлауда. Қанды шайқас төрінде күрескен батырлардың жеңісі. Күш - қуат беріп мейірлене қараған күлімсіреген көздеріңіз қазақ халқын жеңіс тағдырына жеткізді, көк түтінге оранған аспанымыз ашылды. Енді оның бәрі де өткеннің еншісінде қалды. Осы күні Ұлы Жеңіске жеткенімізге 75 жыл толады. Осы уақытта Қазақстан жаңа бағытқа бет бұрды. Еліміз тәуелсіз мемлекет болды. Өзіміздің Әнұранымызға, Туымызға, Елтаңбамызға ие болдық.
Ал қазір мен Еуропаның жүйрік көлігіне мініп, әр күн мектепке келемін. Зәулім де, ыңғайлы үйде тұрамын. Жарық кең мектепте оқимын. Онда әрқайсысымызда жеке компьютер бар, сыныбымыз техниканың соңғы құрылғыларымен жабдықталған. Демалыста жеріміздің әсем табиғатын тамашалауға шығамын. Қазақстанның осындай жетістіктерге жетуі тек сіздер сияқты батырлардың арқасында! Біз – батыр аталардың ұрпағы. Біз – сіздер қорғап қалған елдің болашағымыз. Бұл жеңістің қадірін бәріміз де біліп өсуіміз қажет.
Орындаған: 9-сынып оқушысы Тулегенова Бибігүл, «Приозерное орта мектебі»ММ